ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында аутизмге шалдыққан бала түнде үйден шығып кетіп, жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына хабарласқан азамат 14 тамызда түнгі сағат 02:30 шамасында үйден белгісіз бағытта шығып кеткен баласының табылмай жатқанын айтты. 12 жастағы Темірлан Ахмеджанов аутизммен ауырады.
«Полиция қызметкерлері дереу жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар іздеуге құтқарушылар, кинологтар, ҚР Ұлттық Ұланы сарбаздары мен волонтерлер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта олар үйлер мен аулаларды аралап тексеруде. Квадрокоптермен де іздеу жұмысы жүріп жатыр» делінген ақпаратта.
Баланың үстінде көк жемпір, камуфляжды шалбар, жасыл тәпшіке болған. Тәртіп сақшылары оның қайда екені жайлы қандай да бір ақпарат білетіндерге полицияға хабар беруін сұрайды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.