Өскеменде Ауыл жастарының бірінші халықаралық конгресі өтті

None
ӨСКЕМЕН. 15 қазан. ҚазАқпарат - Өскеменде Ауыл жастарының бірінші халықаралық конгресі болып өтті. Оған Қазақстанның ауыл жастары, сондай-ақ Беларусь, Түркия, Ресей, Вьетнам, Қытай, Корея өкілдері жиналды. Халықаралық конгрестің пленарлық отырыс жұмысына ҚР қаржы министрі Болат Жәмішев, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Пленарлық отырыс ашылмас бұрын Конгресс делегаттары еліміздің әр аймағы туралы сипаттама бер ілген ақпараттық стендтермен танысты.

Қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген министр Асылжан Мамытбеков ауыл аймақтарын, бизнесті дамыту, мамандарды ауылға келуге ынталандыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарының саны 10 мыңға жетті, мамандықтар қатары да кеңеюде, оларға мал дәрігері қосылды, деп атап өтті министр. «Әлемдік дағдарысқа қарамастан азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп келеді, болашақта да өсе бермек. Бізге ауылдарда уақыт талабына сай келетін, жаңа білімі бар жас мамандар қажет».

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өз кезегінде жас мамандар үшін әлеуметтік топтама 300 мың теңгеге дейін жеткенін, Шығыс өңірде, Семейде жатақханалар салынып жатқанын тілге тиек етті.

Бүгін Ауыл жастарының бірінші халықаралық конгресінің қатысушылары Шемонаиха ауданына аттанды, онда олар «Камышинское» шаруа қожалығымен танысады.