Қалалық мәслихат жаңа тарифтер жобасын мақұлдады. Соған сәйкес, бір реттік жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем кезінде қазіргі 90 теңгеден 120 теңгеге дейін, ал қолма-қол төлем жасағанда 130 теңгеден 200 теңгеге дейін көтеріледі деп жоспарланған.
Осылайша, қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын жолаушылар үшін жолақы 30 теңгеге немесе 33,3 пайыз қымбаттайды. Ал қолма-қол төлейтіндер үшін өсім 70 теңге немесе 53,8 пайыз.
Бастапқыда жаңа тарифтерді 1 қыркүйектен бастап енгізу жоспарланған болатын. Бұл мерзім шілде айында, жолақыны көтеру мәселесі көпшілік алдында талқылана бастаған кезде айтылған еді. Алайда мәслихат тариф жобасын бекіткеннен кейін тиісті құжаттарды рәсімдеу қажет.
- Мәслихат шешім жобасын бекіткеннен кейін тиісті құжаттарды рәсімдеуге уақыт керек. Жаңа тарифтер қазан айында енгізіледі деп жоспарланған. Нақты мерзім барлық қажетті рәсімдердің аяқталуына байланысты болады, - деп хабарлады Өскемен қаласының әкімдігінен.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қоқыс шығару тарифі өзгергені хабарланған.