Өскеменде автобус жолақысы қыркүйектен бастап өзгеруі мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында қоғамдық көліктегі жол жүру тарифін сегіз жылдан кейін алғаш рет қайта қарау ұсынылды.

Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Тиісті қаулы жобасын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жариялады.

Жобаға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде бір жолақының құны 90 теңгеден 120 теңгеге дейін, ал қолма-қол төлем кезінде 120 теңгеден 200 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Құжат қазіргі уақытта келісу рәсімдерінен өтіп жатыр және түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

– Қаулы қабылданып, ресми жарияланғаннан кейін ғана жаңа тарифтер заңды күшіне енеді. Қазіргі таңда бұл нормативтік құқықтық актінің жобасы ғана, – деп хабарлады бөлімнен.

Қала әкімдігінің мәліметінше, тарифті қайта қарау қажеттілігі тасымалдаушылардың шығындарының айтарлықтай өсуіне байланысты туындаған. Қолданыстағы жол жүру құны 2017 жылдан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай материалдарының, қосалқы бөлшектердің, шиналардың, автобустарға техникалық қызмет көрсету шығындарының бағасы, жүргізушілердің жалақысы, салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мөлшері едәуір артқан.

– Тарифті өзгертудегі басты мақсат – жолаушыларға қаржылық салмақ түсіру емес, шығындардың өсуі жағдайында қоғамдық көліктің тұрақты, қауіпсіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар бұл автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді, – деп мәлім етті Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда тоғыз автобустың қозғалыс сызбасы уақытша өзгеретіндігі хабарланған