Жоба мақұлданған жағдайда қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жолақы қазіргі 90 теңгенің орнына — 120 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқанда 130 теңгенің орнына — 200 теңге болады.
Жиында айтылғандай, қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді. Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бірнеше жылдан бері бұл шығын жергілікті бюджет есебінен субсидияланып келді.
— Қолма-қол ақшасыз төлемге арналған тариф сараланған төлем жүйесі енгізілгеннен бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде жанармай, қосалқы бөлшектер, көлікке қызмет көрсету және басқа да шығындар айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда тасымалдың экономикалық тұрғыдан негізделген құны мен қолданыстағы тариф арасындағы айырмашылықты қалалық бюджет өтеп отыр. Алайда бюджет қаражатының тапшылығы жағдайында мұндай жүйені сақтап қалу барған сайын қиындап барады, — дейді бөлім басшысы Ержан Ибраев.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелеріне жолаушылар тасымалының өзіндік құны мен кәсіпорындарға жыл сайын бөлінетін бюджет субсидияларының көлемі таныстырылды.
Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынылған өзгерістерді қолдады.
Енді қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылады. Ол 22 шілдеде «Ашық НҚА» порталында жарияланып, тұрғындар өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады. Осы рәсім аяқталғаннан кейін жол жүру тарифіне қатысты түпкілікті шешім қабылданады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде автобус жолақысы қыркүйектен бастап өзгеруі мүмкіндігі жайлы жазғанбыз.