Өскеменде балаларға 1,5 млрд теңгеден астам алимент төленбеген

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласы тұрғындарының алимент бойынша берешегі 1,5 млрд теңгеден асты.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Қала прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта 8 899 кәмелетке толмаған баланың пайдасына алимент өндіру жөнінде 6 557 атқарушылық іс орындалып жатыр. Ал 1 141 іс бойынша алимент берешегінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан.

Борышкерлердің арасында 214 адамның букмекерлік ұйымдарда тіркелгені белгілі болды. Қазір прокуратура олардың алимент бойынша берешекті өтеуге нақты мүмкіндігі бар-жоғын анықтап жатыр.

— Жекелеген атқарушылық істер бойынша борышкерлердің табысы мен мүлкіне өндіріп алу шаралары қолданылмаған. Сондай-ақ белгіленген шектеулердің негізсіз алынып тасталған фактілері анықталды. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 13 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Алимент төлемеу себебін жұмыссыздықпен түсіндіретін борышкерлер мәселесі де жеке қаралуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, борышкерлер үшін 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Еске салсақ, осыған дейін Жетісуда алимент төлеуден жалтарған 9 адам қылмыстық жауапқа тартылғаны хабарланған.