ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында құрылған штаб өкілдері тұрғындарды әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешелі бері әлеуметтік желілерде «Ертеңнен бастап білім ордаларында рейд жүргізіледі. Егер балаңыз қандай да бір себеппен мектепте болса, онда жазаға тартыласыз. Сондай-ақ бала дүкендерден, автобустардан, көшеден табылса, ата-анасына айыппұл салынады» деген ақпарат желдей ескен.
«Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Осындай жалған ақпарат таратып, ел арасында дүрбелең туғызатындар заң бойынша жазаға тартылады», - деп хабарлады штаб өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы халыққа жолдаған үндеуінде жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар жауапқа тартылатынын айтқан болатын.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.