Өскеменде бастығының көлігін сатып жіберген азамат сотталды

Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы автожуулардың бірінде жұмыс істеп жүрген ер адам бастығының көлігін сатып жіберген. 

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семей қаласының тұрғыны Өскеменге келіп, автожуулардың біріне жұмысқа тұрған. Сол кезде автожуу иесі өзінің жол апатынан қирап тұрған көлігін интернет арқылы сатуға қойған. 

Көлікке қызығушылық танытып қоңырау шалған азаматтарға бастығының тапсырмасымен автожуу жұмысшысы жауап беріп жүрген.

— Жеңіл ақша табуды көздеген айыпталушы Самар ауданынан хабарласқан адамға көлікті 350 мың теңгеге сатып жіберді. Бұны біліп қойған көлік иесінің арызынан соң автожуу жұмысшысына қатысты алаяқтық бабы бойынша іс қозғалған, — делінген ақпаратта. 

Сот шешімімен сотталушы екі жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 
Еске салсақ, бұған дейін «Бипек-Авто» ісі бойынша сот үкімі шыққаны хабарланған