Өткен жылдың соңына қарай қаладағы ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерге арналған кезек тәртібінің ретсіз ауысып кеткендігін айтып біраз шуласқан еді. Мәселен 221-ші болып тұрғандар аяқ астынан 224-ке немесе 190-шы болып тұрғандар 2001-ші кезекке шегеріліп кеткен. Дәл осы келеңсіздік ата-аналар ұжымын біршама алаңдатты.
Белгілі болғандай барлық гәп жаңа жүйеде болып шықты. Өскеменде бірыңғай электронды кезек құрылған екен. Бұны Өскемен қалалық білім бөлімінің, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бойынша бас маманы Айгүл Ережепова растады. Оның түсіндіруінше,мәселен егер бұрын ата-ана баласы туа сала оны белгілі бір балабақшаға кезекке қойып қойса, енді бұрынғыдай бөлек-бөлек емес ортақ кезекке тұрады. Бұл 1-ші нөмірге жақындағанша кезекті күту керек дегенді білдірмейді.
Айгүл Ережепованың айтуынша жаңа жүйе бойынша жалпы кезекке тіркелген соң, ата-аналар баласын қай уақытта балабақшаға бергісі келеді сол уақытта керекті балабақшасын таңдай алады. Өйткені кейбір аналар балаларын 2 жаста, кейбірі 3 жастан бастап бергіенді жөн санайды. Электронды Үкімет сайтында өте ыңғайлы интерфейс жүктеледі. Дәл сол жерден ата-ана баласының жасына сай балабақшаны, топты таңдап ала алады. Электронды бағдарлама болса, ол мекемеде орын бар-жоғын бірден анықтап береді.
«Енді ата-аналар бағыттама құжаттты өздері -ақ шығарып ала алады. Алдымен сайттан балабақша мен жасына сай топты таңдайды. Барлық жүйе автоматтандырылған»,-деді Айгүл Ережепова.