Өскеменде биыл 266 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде биыл 266 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы бүгін Өскемен қаласының тұрғындарымен кездескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

«Халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін арттыру үшін 2022 жылы 266 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Нұрлы жол» шағын ауданында 994 пәтерлік 15 көпқабатты үй, Көкжал Барақ, Қазыбек би, Красин, Тоқтаров, Өтепов көшелерінде 600 пәтерлік 12 үй бой көтереді», - деді ол.

Сондай-ақ шаһар аумағында 81 мың шаршы метр жер үй салынады. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 85 үй пайдалануға берілмек.

«Мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мақсатында әкімдіктің балансындағы үй-жайларға ауқымды түгендеу жүргізіледі. Бүгінде ПИК-тер орналасқан 20-ға жуық пәтер босатылды. Олар халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөлінетін болады», - деді кездесу барысында баяндама жасаған қала әкімі Жақсылық Омар.