Өскеменде биыл электросамокат жүргізушілерінің қатысуымен жол апаты тіркелген жоқ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жыл басынан бері электросамокат жүргізушілерінің қатысуымен жол апаты тіркелген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары электросамокат тізгіндеушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Қазір Өскемен көшелерінде электросамокаттар көп жүреді. Жол ережесіне сәйкес, электросамокатпен велосипед жолдарында, жол жиектері мен тротуарларда жаяу жүргіншілер ағынының жылдамдығымен, яғни сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге болады», - деп түсіндірді басқарманың жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Сергей Коваленко.

Оның айтуынша, веложолақ болмаған жағдайда жолдың шеткі оң жақ жолағында қатынауға рұқсат етілген. Бірақ ол үшін адам 18 жаста болуы тиіс, жүргізуші куәлігі болуы керек және басына шлем, үстіне жарық шағылыстыратын киім киюі қажет.

Ведомство дерегінше, жыл басынан бері Өскеменде электросамокат жүргізушілерімен болған жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.