ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында иттің адамға шабуы жиілеп кетті. Қала тұрғындары көшеде иттердің қаптап жүргенін, тіпті адамға атылатындығын айтып шағымданды. Арасында қаңғырған иттерден зардап шеккендер де аз емес.
— Әуезов даңғылында әйел адамға бұралқы иттердің тап бергенін өз көзіммен көрдім. Сол маңдағы азаматтар көмектесіп қалдық. Әйелдің орнына бала болса иттер баяғыда талап тастар еді, — дейді Асхат есімді өскемендік.
ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, ит қапқандар тәртіп сақшыларына арыз түсіруде.
— 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында полицияға қала тұрғындарынан иттердің адамға шабуы туралы 9 арыз түсті. Қазір тиісті шаралар атқарылып жатыр, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін депутат бұралқы иттерді эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасын ұсынғаны жайлы жазғанбыз.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.