Өскеменде бір айда 70-ке жуық адамды ит қапты

Фото: freepik.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында көше кезген бұралқы иттер ақпан айында 69 адамды қапқан. 

№4 аурухана қызметкері Галина Пахомованың айтуынша, қаңтар айында ол ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер мектебі маңында және Михаэлис көшесіндегі №7 үйдің жанында екі рет қаңғырған иттердің шабуылына ұшыраған. Сол кезде қорғанамын деп құлаған әйел қабырғасын сындырып алған.

– 2025 жылдың басынан бері травматологиялық пунктке ит қапқан 571 адам жүгінді. Оның 464-і - иесіз иттердің шабуылынан зардап шеккен. Тек ақпан айының өзінде осындай 69 жағдай тіркелді, - деді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Елена Куликова. 

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов өз сөзінде мәселені шешу үшін заңға өзгерістер енгізу қажеттігін жеткізді. 

– Бұл мәселе маған жақсы таныс. Біз Парламентке тиісті ұсыныстар жолдадық. Жақын арада облыс әкімдігімен бірлесіп шешу жолдарын талқылаймыз, - деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін былтыр Атырауда 10 мыңға жуық бұралқы ит ауланғаны хабарланған.