ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында полиция қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің құрметіне орнатылған Даңқ мемориалын бұзған вандалдарды іздестіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 24 мамыр күні полицияға белгісіз біреулердің Даңқ мемориалын бұзғаны туралы ақпарат түскен.
Анықталғандай, вандалдар Мәңгілік алаудағы жасанды гүлдерді өртеп жіберген.
Бұнымен қоймай, жанған гүлдерді соғыс ардагерлерінің аты-жөні жазылған ескерткішке төсеген.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 294-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары вандалдардың кім екенін анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.