Өскеменде дәрігерлер өрттен зардап шеккен 5 жасар баланы аман алып қалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында дәрігерлер өрттен зардап шеккен баланы аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауыр хәлдегі 5 жасар бала санитарлық авиациямен Өскемендегі Ана мен бала орталығына жеткізілген. Шұғыл түрде ол жансақтау бөліміне жатқызылды.

Ес-түссіз бала дұрыс дем ала алмай жатты, әрі қатты жөтелді. Сол жақ қасының үстінде, сол жақ құлағы мен оң иығында күйік іздері байқалды.

Белгілі болғандай, түнгі уақытта үйден өрт шығып, соның салдарынан бүлдіршін зардап шеккен. Дәрігерлер оған «Көмірқышқыл газымен ауыр дәрежедегі улану, оң жақты пневмония» диагнозын қойды.

«Бала бірінші күнді толыққанды аппараттық емдеуден өтті. Ана мен бала орталығының дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтары оны аман алып қалу үшін барын салды. Жағдайы оңала бастағаннан кейін пациент жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылып, өздігінен дем ала бастады. Қазір баланың жағдайы жақсы», - делінген ақпаратта.

Бүлдіршіннің анасы ұлының өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғысын айтып, шынайы ризашылығын білдірді.