Қала әкімдігінің мәліметінше, дауыл кезінде орталық көшелерде жел 15 ағашты құлатқан. Олардың бірқатары жол жиегінде тұрған автокөліктердің үстіне құлады.
— Қазіргі уақытта полицияға ағаштардың құлауы салдарынан көліктері зақымданған 17 автокөлік иесінен арыз түсті, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полицияға әлі барлық зардап шеккен көлік иелері жүгініп үлгермеген болуы да мүмкін.
Еске салайық, кеше күндіз Өскеменде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауып, екпінді жел соққан болатын.
Соның салдарынан шамамен 25 мың адам жарықсыз қалды.
Тұрғын үйлердің шатырлары зақымданып, ағаштар құлап, бағдаршамдар істен шығып, жолдардың жекелеген учаскелерін су басты.
Қазіргі уақытта қолайсыз ауа райының салдары жойылды. Коммуналдық қызметтер негізгі көшелерді тазарту жұмыстарын аяқтап, шағын аудандарды электр энергиясымен толық қамтамасыз етті.