Өскеменде екі жаңа көпір салынады

Фото: yk-news.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Өскеменде Ертіс және Үлбі өзендерінен өтетін екі көпір салынады. Ал келер жылдан бастап Үлбі өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы көпірді реконструкциялау басталады.

Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде айтты.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда көлік, коммуналдық және энергетикалық жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып, логистиканы жеңілдететін заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді.

— Биыл ШҚО-да 856 шақырым автожол жөнделді. «Талдықорған — Өскемен», «Өскемен — Семей» жобалары аяқталды, «Өскемен — Рахман қайнарлары», «Қалбатау — Майқапшағай» бағыттарында жұмыстар жалғасып жатыр, — деді Н. Сақтағанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту үшін Өскеменде екі жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл көлік кептелісін азайтып, жолдардың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

— Бұдан бөлек, Өскеменде Ертіс және Үлбі өзендерінен өтетін екі көпір салынады. Бұл да көлік байланысын және транзиттік әлеуетті жақсартуға жол ашады. Келер жылдан бастап Үбі өзені арқылы өтетін апатты жағдайдағы көпірді реконструкциялау басталады. Ол Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы бағытының бір бөлігі болады, — деді ШҚО әкімі.

Сонымен бірге, облыста екі жаңа әуежай салынып жатыр, «Майқапшағай» және «Үлбі» өткізу пункттері, 5 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.

Былтырдан бері Өскеменнен Мәскеу мен Новосибирскіге халықаралық әуе рейстері қатынайды. Келесі жылдан бастап Қытайға әуе рейсін ашу жоспарланып отыр.
«Өскемен — Алматы» бағытында «Тальго» теміржол маршрутын іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан туризмі төрт бағытта дамиды және тау шаңғысына арналған жаңа курорттық нысандар салынады. 

Сонымен бірге, өскемендік кәсіпорын Еуропаның 27 еліне бал жеткізу мүмкіндігін алды.