Өскеменде екі жігіттен 90-нан астам есірткі орамасы тәркіленді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 18 және 19 жастағы екі жігіттен аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді.

Фото: ШҚО ПД

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Қарасора-2026» республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында екі ер адам ұстады. 

- 18 және 19 жастағы екі тұрғын алдын ала сөз байласып, есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген күдікке ілінді. Күдіктілерді жеке тінту кезінде тыйым салынған заттар салынған 91 орама тәркіленді, - делінген ақпаратта. 

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 25,29 грамм мефедрон, 27,21 грамм α-PVP психотроптық заттары және жалпы салмағы 6,24 грамм каннабис шайыры анықталды. 

- Тәркіленген заттардың жалпы көлемі заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшер болып саналады. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілердің бірі қолхатпен босатылды, екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Қостанайда 1,5 келіден астам есірткі тасымалдаған курьер ұсталғаны хабарланған