Өскеменде экологтер ластанған бұлақ суына қатысты тексеруді бастады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында экологтер ластанған бұлақ суына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Кешелі бері әлеуметтік желіде Назарбаев даңғылында орналасқан «Валентина» сауда үйінің маңындағы бұлақтың лайланып кеткені көрінген видео тарап кетті.  Бұрын осында толып жүретін үйректер де мүлде көрінбейді.

Тұрғындар арасында бұлақ бойында орналасқан сауда нысандары суды ластауы мүмкін деп болжам жасап жатқандар бар. Оның ақ-қарасын ШҚО экология департаменті анықтамақ.

«Экологтер сол жерге барып, су сынамасын алды. Қазіргі уақытта сынақ зертханасында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесі белгілі болған соң бірден жария етіледі», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласы тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне шағымданған соң экологтер тексеру жүргізгені хабарланған.