Өскеменде экологтер сары түсті қар жауғаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр

Фото: Александр Павский / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендіктер қала аумағында жауған қардың түсі өзгергенін байқағандарын айтып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, қардың түсі сары-қоңыр, ал кей жерлерде қызғылт. Мұндай құбылыс әсіресе өндірістік аймақтарға жақын маңда байқалған. Әлеуметтік желілерде тараған фото-видеолар көпшіліктің назарын аударып, түрлі сауал туындатты.

Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы Экология департаментінің мамандары оқиға орнына шығып, қар жамылғысынан сынама алуға кірісті.

— Қазіргі уақытта қаланың әр аумақтарында қар сынамалары алынып жатыр. Зертханалық талдаулар аяқталғаннан кейін қар түсінің өзгеру себебі анықталып, тиісті баға беріледі, — деп хабарлады департамент өкілдері.

Ведомство мамандары зерттеу нәтижелері мен алдағы қабылданатын шаралар туралы қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленгені хабарланған.