Өскеменде электр энергиясының жиі өшу себебі айтылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласын энергиямен жабдықтаушы «БЭСК» компаниясы жарықтың апатты жағдайда жиі өшуінің себебін түсіндірді.

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Компанияның мәліметінше, негізгі себеп - көктем мезгілінде жер асты суы деңгейінің көтерілуі. Бұл кабельдік желілердің техникалық жай-күйіне кері әсерін тигізеді.

- Электр энергиясының апатты жағдайда жиі өшуінің басты себебі - көктемгі жер асты суының әсері. Соның салдарынан кабельдік муфталар зақымданып, апатты жағдайлар мен электрмен жабдықтауда үзілістер туындайды, - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта кезекті апаттан кейін «КШТ» қосалқы станциясында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақауды жоюға тиісті бригадалар жұмылдырылған.

- Жөндеу жұмыстарына байланысты бірқатар мекенжайда, оның ішінде Увалиев және Қазыбек би көшелерінде электр энергиясын беру уақытша шектелді, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде үш күн қатарынан сол жағалаудағы мыңдаған тұрғын жарықсыз қалғаны хабарланған.