Алғашқы дерек бойынша, ер адам тұрғын үй ауласында ұзақ уақыт бойы тұрған Mazda Cronos автокөлігін байқаған. Ол мобильді қолданба арқылы эвакуатор шақырып, көлікті алып кеткен. Кейін автокөлікті металлоломға өткізіп, одан 35 мың теңге алған. Осы әрекетімен көлік иесіне шамамен 1 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Арада бір апта өткен соң күдікті тағы да қылмыс жасаған. Қонақта болған кезінде ол кіреберісте тұрған Lada 21703 автокөлігінің кілтін байқап, оны иемденіп, көлікті рұқсатсыз айдап кеткен.
— Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде жүргізушінің көлік басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның ағзасында каннабиноидтар бары анықталып, есірткілік масаң күйде көлік айдағаны расталды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны 3 жыл бұрын сатқан көлігін ұрлап кеткенін жазғанбыз.