Өскеменде Ертіс суы көтеріледі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ертең, 25 қазанда Өскемен су электр станциясы уақытша су деңгейін көтереді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы қалалық ТЖ басқармасы «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» ММ-інің ақпаратына сілтеме жасап ескертті.

Су деңгейін жоғарылату сағат 17-ге дейін, яғни 9 сағатқа созылады. Осыған байланысты, ТЖ қызметі суқорғау аймағында тұратын азаматтарға қауіпсіздік мақсатында көліктерін су қоймасы маңына қоймауға, судан бұзылуы мүмкін бағалы заттары мен жиһаздарын жоғары қабаттарға немесе үй төбесіне шығаруға кеңес берді.