Өскеменде хоккейші өліміне қатысты сот үкімі шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 19 жастағы хоккейші өліміне қатысты сот үкімі шықты.
ШҚО сотының мәліметіне сүйенсек, іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 104-бабы 1-бөлігіне (абайсызда адам өліміне себеп болу) сәйкес қаралды.
Өткен жылдың 2 тамызында Б.Александров атындағы Спорт сарайының фойесінде хоккейші мен Л. есімді азамат арасында жанжал шыққан. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Бейнежазбада көрінгендей, Л. хоккейшіні мойнынан қысып, біраз уақыт бойы жібермей ұстап тұрған.
Екеуін ажыратқан соң, хоккейшінің жағдайы күрт нашарлап, есінен танып құлаған. 19 жастағы жігіт жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі - мойынның рефлексогендік бөлігіндегі жарақаттың салдарынан жүректің рефлекторлық тоқтауынан болған.
- Сот шешімімен айыпталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңға сәйкес, сотталушы жазадан босатылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Астана соты зергерлік бұйымдар ұрлаған әйелдің жазасын жеңілдеткені хабарланған.