Өскеменде қаңғырған жануарларды аулайтын мердігер табылмай тұр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында көше кезген жануарларды аулау жұмыстарына мердігер анықталмады. Өткізілген конкурсқа бірде-бір өтінім түспеген.

Фото: СҚО әкімдігі Ветеринария басқармасы

Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткен конкурс 24 ақпан мен 3 наурыз аралығында жарияланған. Қаңғырған жануарларды аулау жұмыстарына 7,7 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Алайда конкурсқа бірде-бір ұйым қатысуға өтінім бермеді. Бұл - жүйеге өзгеріс енгізілгеннен кейін жарияланған алғашқы тендер. Осыған дейін иесіз жануарларды аулау мәселесімен облыстық ветеринария басқармасы айналысса, енді бұл өкілеттік қалалық әкімдікке беріліп отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, конкурс қайта жарияланады.

- Оған жануарларды қорғау ұйымдары мен жануарлар панажайларының иелері қатысады деп үміттенеміз. Жануарларға қатыгездік танытпау мәселесін дәл осы қауымдастықтардың өкілдері үнемі көтеріп келеді. Сондықтан біз оларды бұл жұмысқа белсенді қатысуға шақырамыз, - делінген ақпаратта.

Жаңа конкурс өткізілгенге дейін Өскемендегі қаңғырған жануарлар санын реттеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде бір айда 70-ке жуық адамды ит қапқаны хабарланған.