Өскеменде қаңғыбас пен кезбелерден саусақ таңбасы алынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде «Қаңғыбас» жедел алдын алу іс-шарасы басталды.

Полицейлер кезбелер мен қаңғыбастардың жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қатыстылығы бар ма, жоқ па екендігін тексермек, деп хабарлады ШҚО Ақпараттық орталығы, деп жазады yk-news.kz.

Полицейлер көзіне түскен қаңғыбастардың саусақ таңбаларын алып, қаскүнемдердің қылмыс орнында қалдырған саусақ іздерімен салыстырады.

«Әдетте, мұндай адамдардың құжаттары болмайды, жедел базада тіркелмеген. Сондықтан тұрақты тұратын жері жоқ азамат қылмыс жасаса, оның кім екенін анықтау қиынға түседі, - деді полициядан.

Жұмыс операцияның бірінші күнінде-ақ нәтиже берді: саусақ таңбаларын алған 20 адамның тең жартысы заң бұзғандар және есепке алынғандар болып шықты.

Айта кетерлігі, осы жылы қаңғыбастар мен кезбелер 11 қылмысқа себепкер болған, ал өткен жылы мұндай жағдайлар 27-ге жеткен.