Өскеменде қарға тұрып қалған «Жедел жәрдем» көлігін сарбаздар шығарды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде 27/943 әскери бөлімінің қызметшілері қарға тығылып қалған жедел жәрдем көлігін шығаруға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.

Облыстық жедел медициналық көмек бекетіндегілер «жедел жәрдем» көлігінің науқасқа бара жатқан жолда көшелердің бірінде омбы қарға тығылып қалғанын айтты. Нәтижесінде, науқасқа басқа медицина қызметкерлері жіберілген. Ал қардан өз бетімен шыға алмаған көлік көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

«Оқиға 21 желтоқсан күні таңертең Жаңа Ахмер ауылы аумағында болды. Болған жайт туралы «Өскемен-Тәртіп» облыстық коммуналдық қызмет орталығына медицина қызметкерлері 8:45-те хабар берген, бірақ бұл аумақты тазалау біздің міндетімізге кірмейді деген диспетчер тұтқаны қоя салған. Көлік қардан тазаланбаған көшеде 13:45-ке дейін тұрды», -дейді фелдшер Диляра Көженова.

Дәрігерлерге әскери бөлімнің қызметшілері көмекке келіп, «жедел жәрдемді» тегіс жерге сүйреп шығарған. Жүргізуші көлікті ары қарай өзі айдап әкетті.

«Облыстық жедел медициналық көмек әкімшілігі 27/943 әскери бөлімі мен әскери дайындық командирінің орынбасары Дәурен Еспердиновке алғыстарын білдіреді», -деп атап өтті бекеттегілер.

Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыс күндері «жедел жәрдем» фельдшерлері науқастарына негізінен жаяу барған. Әсіресе Ахмер, Красина, Меновное, Аблакетка және Ә.Молдағұлова ауылдарының медицина қызметкерлеріне қиын болған. Қаланың бұл аудандарына жауған қар салдарынан арнайы көлік жете алмаған.

Орал Ерланұлы

Иллюстрациялық: tass.ru