Өскеменде кәріз құдығына түсіп кеткен әйел табылды
Оқиға 12 желтоқсанда кешкі уақытта болған. Ашық құдыққа түсіп кеткен әйел 3 сағат бойы шыға алмады.
«Үйде отырғанымызда айқайлаған дауысты естіп қалдық. Сыртқа шыққанымызда бұл дауыс құдықтың ішінен естілді. Лезде көршіме қоңырау шалдым. Ол ұзын баспалдақ әкеліп әйелді сыртқа алып шықты», - дейді Кузнечная көшесінің тұрғыны Юлия Шереметьева.
Ал құдықта қалып қойған тұрғын құлаған кезде қалтасынан телефонын түсіріп алғанын айтты.
«Терең құдықтан өз бетіммен шыға алмадым. Қанша айқайласам да ешкім көмекке келмеді. Сол маңайдан өтіп бара жатқан кей адамдар тіпті тоқтамады да. Негізінен бұл құдық көктемнен бері ашық тұрған», - дейді ол.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Кузнечная көшесіндегі люктерді мердігер компания 2020 жылдың жазында орнатқан.
«Люктің қақпағын біреу ұрлап кетті. Оның бетін жабу үшін тез арада тиісті шаралар қабылданады» деп хабарлады бөлім мамандары.
Фото: yk-news.kz