Өскеменде қай жолдарда жол апаты жиі болады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жол апаты жиі тіркелетін учаскелер белгілі болды.
Осы жылдың басынан бері шаһар бойынша 400-ге жуық жол апаты тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Соның салдарынан 400-ден астам адам зардап шеккен.
- Өскеменде жиі жол апаты болатын 5 жер бар. Олар Ертіс көпірінің алдындағы алаңының айналмалы қозғалысымен қиылысы, Сәтпаев-Жібек Жолы-Есенберлин даңғылдарының қиылысы, Тоғас көшесі, 3/1, Абай-Шәкәрім даңғылдарының қиылысы, Интернациональная-Волгоградская көшелерінің қиылысы, - деп жауап берді Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Т.Қамзин Kazinform тілшісінің ресми сауалхатына.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция қызметкерлері жол белгілері мен көшелердің жарықтандырылуының жай-күйін жіті тексеріп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтті.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда жантүршігерлік жол апатынан үш ер адам қаза болғаны жайлы жазғанбыз.