Өскеменде қайда құрбандық шалуға болады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындарына Шығыс ауылында құрбандық шалуға мүмкіндік жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрбан айт мерекесі айт намазының оқылуымен басталады. Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық мешіттерде айт намазы 28 маусым күні таңғы сағат 7.00-де оқылады.

Ал сағат 07.30-дан бастап ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің алдында мерекелік рухани-мәдени шаралар, спорттық бәсекелер ұйымдастырылады.

Өскемен қалалық әкімдігінің келісімімен Шығыс ауылында құрбан шалу орны ашылды. Құрбандықты ертең сағат 07.30-дан бастап шалуға болады. Мал соятын қасапшылар «Халифа Алтай» мешітіндегі оқыту орталығында арнайы курстан өткен.

«Құрбандықтың еттері тұрмысы төмен отбасыларға, әлеуметтік орталықтарға 28, 29, 30 маусым күндері «Халифа Алтай» мешітінде үйлестіріледі. Бұл жұмыстар үшін де мешіттің оқыту орталығында құрбан айтта қызмет көрсететін еріктілер арнайы оқытылды. Сонымен қатар мал сататын азаматтармен бағаны реттеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді ҚМДБ Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы.

Оның айтуынша, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малын шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

«Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді», - дейді бас имам.