Өскеменде келер жылы 80-ге жуық жаңа автобус сатып алынбақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 2023 жылы 80-ге жуық жаңа автобус сатып алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, электронды билеттеу жүйесі енгізілгелі бері қоғамдық көліктердегі жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға өскен. Осының нәтижесінде, салық көлемі біршама артып отыр. Жалпы 2022 жылы Өскемен тұрғындары электронды билеттеу әдісімен жол жүру ақысын 45,2 миллион рет төлеген.

«Келер жылы тасымалдаушы компаниялардың автопаркі жаңартылады. Ол үшін 77 автобус сатып алу жоспарлануда. Осы жылы 53 жаңа автобус алынған», - дейді шаһар басшысы Жақсылық Омар.

Оның айтуынша, 2023 жылы қала бойынша 40-тан астам аялдама ауыстырылып, тағы бірнеше жылы аялдама салынбақ.