Өскеменде қыркүйектен бастап трамвай жолақысы өзгере ме

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында трамвай жолақысы өзгеріссіз қалады.

Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Қаладағы автобус жолақысы 1 қыркүйектен бастап өзгеруі мүмкін. Тарифті қайта қарау жөніндегі жобаны Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесі қолдаған болатын. Жоба мақұлданған жағдайда қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жолақы қазіргі 90 теңгенің орнына — 120 теңге, ал қолма-қол есеп айырысқанда 130 теңгенің орнына — 200 теңге болады.

Осы ретте, тұрғындар арасында «Трамвай жолақысы да қымбаттай ма?» деген сауал туындады. Бұған «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС-дан жауап берді.

Компания басшысы Денис Федченконың айтуынша, әзірше трамвайдағы жолақы тарифін көтеру мәселесі күн тәртібінде жоқ. 

— Тарифтің бір күні өзгеретіні түсінікті. Өйткені жолақы құны 90 және 130 теңге болып мәңгі қалмайды. Алайда қазіргі уақытта трамвайдағы жолақы тарифін көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, — деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде автобус жолақысын көтеру бастамасы қолдау тапқанын хабарлағанбыз.