Өскеменде қызылша жұқтырғандар саны артып келеді

Фото: Фото: gov.kz

Өскемен қаласында бүгінде қызылша жұқтырған 92 адам тіркеліп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Арман Сағындықов мәлім етті.

«Өскеменде қызылша жұқтырған 92 адам тіркелді. Негізінен, ауру вакцина алмағандар арасында тіркеліп отыр. Біз науқастармен байланыста болған адамдар тобын және олардың вакцина салдырған-салдырмағанын анықтай отырып, қызылшаның әрбір жағдайына эпидемиологиялық тексеру жүргізудеміз. Медициналық ұйымдарға эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде қызметтік хаттар жіберілді. Бұл сырқатқа шалдыққандар апта сайын көбейіп келеді», - деді ол.

Сонымен қатар қазіргі таңда қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды.

«Басқарма мамандары денсаулық сақтау ұйымдарында, орта және жоғары білім беру мекемелерінде, балабақшаларда қызылшаның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Азаматтарға арнайы парақшалар, буклеттер мен жадынамалар таратылуда», - деді Арман Сағындықов.