Өскеменде қоғамдық орындарда мас болып жүрген 113 адамға айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында қоғамдық орындарда мас болып жүрген 113 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10-20 тамыз аралығында тәртіп сақшылары «Есеп» жедел алдын алу шарасын жүргізген. Мұндағы мақсат – есепте тұрған азаматтардың заң бұзуына жол бермеу, отбасылық және тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстың алдын алу. Сондай-ақ полицейлер ішімдікке тәуелділігі бар адамдарды тексерді.

«10 күн ішінде 317 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең көп тіркелгені – алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйде жүру. Осындай 113 факті тіркеліп, олар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен жауапқа тартылды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ қоғамдық орындарды ластаған 59, тыныштықты бұзған 51, Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған 38 және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заңсыз әрекетке жол берген 24 адам анықталды.