Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанына жарты ай болады

Фото: Фото: Нелли Нигматуллина/Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында жел соқпай, көшелерді түтін басып тұрғанына ертең 15 күн болады. 

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, қаладағы желсіз күн ертең де жалғасады. 

— Өскемен мен Риддер қалаларында 2 наурыз сағат 20.00-ден бастап 3 наурыз сағат 20.00-ге дейін екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, - делінген ақпаратта.

Яғни, қала көшелерін түтін тұмшалап тұрғанына ертең тұп-тура жарты ай болады. 

Айта кетейік, мамандар осындай күндерде тұрғындарға төмендегі кеңестерді қаперде ұстау қажеттігін ескерткен болатын:

— Далада ұзақ жүрмеу;

— Пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жабу;

— Қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішу;

— Ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю;

— Тамақтану рационына құрамында пектині бар азық-түліктерді, мысалы: пісірілген қызылша, қызылшаның шырыны, алма, жеміс киселі, итмұрыннан, рауағаштан жасалған дәруменді сусындарды, шөптердің қайнатпасын, табиғи шырындарды қосу;

— Балалардың тамақтану рационында сүт және сүт өнімдерін, ірімшік, ет тұтынуды көбейту;

— Уытты заттарды шығару және ағзаны тазарту үшін таган-сорбент, индигель, тагангель, белсендірілген көмірді қолдану;

— Балаларды балабақшаларда серуенге шығармауға, мектептерде далада дене шынықтыру сабақтарын өткізбеуге кеңес беріледі.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемен қаласында биыл ауа сапасын бақылайтын 25 бекет орнатылатыны хабарланған.