Өскеменде көпқабатты үйден өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 1 тұрғын құтқарылып, 6 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 мамырда Жаңа-Ахмер кентінде орналасқан бесқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шыққан. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.

«Тұрғын үйден 1 адам құтқарылып, 6 азамат эвакуацияланды. Анықталғандай, бесінші қабаттағы пәтерде жиһаз, жеке заттар мен тұрмыстық техника жанған. Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 20 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қызыл жалынды өшіруге жеке құрамнан 22 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі анықталуда.