- Қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылуда?
- Қоғамдық бақылау тобының негізгі мақсаты – карантиндік шектеу шараларының орындалуына, гуманитарлық көмекті үйлестіруге мониторинг жүргізу, медициналық мекемелердегі дәрігерлердің жұмыс жағдайын бақылауда ұстау. Осы уақытқа дейін бірқатар рейд жүргіздік. Ауруханаларды, дәріханаларды тексердік. Қоғамдық орындарды аралап, халықтың маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауын қадағаладық. Бәрі тамаша деуге келмес. Өскемендегі дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы бар. Сауда орындарында, автобустарда дезинфекциялау шаралары кейде уақытылы жүргізілмей жатады. Сонымен қатар жұрт арасында бекітілген шектеулерді елемейтіндер аз кездеспейді. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер екінші рет заңға бағынбаушылық тіркелсе, онда оған айыппұл салынуда.
- Қоғамдық бақылау тобында қанша адам жұмыс істейді?
- Бүгінде бұл жұмыстарға 10-ға жуық адам тартылған. Оның ішінде еріктілер де бар. Бәріміз ортақ мүдде үшін еңбек етудеміз.
- Шектеулерді сақтамайтын азаматтар ескертулеріңізді қалай қабылдайды?
- Әртүрлі адам болады. Біреу өз қатесін мойындап, енді маска тағып жүретінін айтады. Ал енді біреуі коронавирусқа сенбейтінін, ешқандай ауру жоқтығын дәлелдеп әлек болады. Ондайларға «бұл тек біздің елді емес, күллі әлемді дүрліктірген дерт» деп шама-шарқымыз жеткенше түсіндіреміз. Жалпы Өскемен тұрғындары басқа қалалармен салыстырғанда – тәртіпті. Бұған басқа өңірлердегі әріптестеріммен сөйлескеннен кейін көзім жетті. Мысалы, соңғы жүргізілген рейд барысында тек 5 адамға ескерту жасалды.
- Рейд кезінде қандай да бір есте қаларлықтай оқиғалар орын алды ма?
- Бірде шаһардағы дәріханалардың бірін тексеру үшін бардық. Ішке кірсек фармацевт масканы иегіне түсіріп қойыпты. Не үшін масканы дұрыс тақпай тұрғанын сұрағанымызда «Жаңа ғана түскі ас ішкен едім» деп жауап берді. Әлбетте, олай істеуге болмайды. Дәріханаға коронавирусқа шалдыққан адам келуі мүмкін ғой. Сондықтан біз фармацевтке түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Екі күннен кейін әлгі дәріхананы тағы да тексердік. Бұл жолы фармацевт масканы талапқа сай тағып алған екен. Демек, ескертуімізді түсініп, оң нәтиже шығарды.
- Халыққа карантиндік шектеулерді сақтау қажеттігін түсіндіру үшін әлеуметтік желілерді пайдаланасыздар ма?
- Әрине. Барлық әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Сонда қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды жариялап, есеп береміз. Жұртшылыққа қоғамдық орындарда маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін ұдайы ескертіп отырамыз. Тұрғындар парақшаларымызға талап-ұсыныстарын да жазып қалдыра алады. Әркімге қолдау көрсетуге дайынбыз.
- Әңгімеңізге рахмет!