Өскеменде құбыр жарылып, бір шағын аудан халқы сусыз қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында су құбыры жарылып, Прохладный шағын ауданының тұрғындары суық сусыз қалды.

Фото: Анастасия Дроняк

21 қараша күні Назарбаев даңғылы, 93 мекенжайындағы инженерлік желілерде ақау шығып, су құбыры жарылған. Соның салдарынан сағат 10:00-ден бастап Прохладный шағын ауданы суық сусыз қалды. 

Халық қалпына келтіру жұмыстары аяқталмайынша сусыз отыруға мәжбүр. Тек үйлер емес, сол аумақта орналасқан №27 мектепте де суық су өшірілді. 

«Өскемен Водоканал» кәсіпорнының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта құбыр жарылған жерде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Бірақ оның нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Тұрғындарға ауызсу тасу жұмыстары да жүргізіледі», - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, осыған дейін Риддерде табиғаттың тосын мінезінен кейін халық бірнеше күн бойы сусыз қалғаны хабарланған.