Өскеменде күн сайын көктайғақтан 100-ден астам адам зардап шегеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында күн сайын көктайғақтан орташа есеппен 100-110 адам зардап шегеді.  

Фото: Қайырбек Сариев

№ 4 қалалық аурухананың жарақат бөліміне кейінгі бір айда 2 357 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 1 398-і, яғни 59 пайызы жарақатты көшеде алған.

– Осы кезеңде көшеде алған жарақаттар бойынша өтініштер саны бір тәулікте 180-нен асқан бір ғана күн болды. Ал орташа тәуліктік көрсеткіш әдетте 100-110 адамды құрайды. Сол күні ауа райы күрт өзгеріп, көктайғақ пен боран басталған. Осыған байланысты біз кезекшілікті күшейтіп, әдеттегі екі дәрігердің орнына төрт дәрігерді жұмысқа шығардық, - дейді емхананың бас дәрігері Сергей Попов. 

Оның айтуынша, жарақат бөліміне келетіндер саны көбейген кезде ортопедия бөлімшесі де көмек көрсетеді. Отадан шыққан дәрігерлер науқастарды қабылдауға қосылады. Кейде мамандар демалыс күндері де жұмысқа шығады.

– Қазіргі таңда жағдай тұрақталған. Бөлімде екі дәрігер қызмет атқарып жатыр, ал тәуліктік өтініштер саны 60-70 адамға дейін азайған. Бұл орташа тәуліктік нормадан төмен, - дейді С.Попов. 

Еске салсақ, осыған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлаған еді.