Өскеменде құтқарушылар жолда қалған 4 адамға көмектесті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы Шешек асуынан көлікпен түсе алмай қалған 4 адамға құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 4 ер адам автокөлікпен Шешек асуынан негізгі тасжолға түсе алмай қалды. Себебі жолды қар жауып тастаған. Оқиға орнына келген құтқарушылар оларға жолға шығуға көмектесті.

Ал осыдан 2 күн бұрын «Аягөз-Қарауыл» тасжолымен Ақшатау ауылдық округінің маңындағы қыстауға бара жатқан 5 адам, оның ішінде 3 бала жолда қалған болатын. №22 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері көлікті тазартылған жол учаскесіне сүйреп апарып, Аягөз қаласына дейін шығарып салды.

Осы ретте, облыстық ТЖД мамандары өңір жұртшылығына қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады.

«Дауылды ескерту жарияланған кезде алыс жолға шығуға болмайды. Жолдардың жабылғандығы туралы ақпаратты «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға болады», - делінген ақпаратта.