Өскеменде марихуананы сайт арқылы сатып келген ер адамнан 20 млн теңгенің есірткісі тәркіленді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының тұрғыны марихуана мен гашишті сату үшін арнайы сайт ашқан. Тәртіп сақшылары оны ұстап, 20 млн теңгенің есірткісін тәркіледі.

Фото: Polisia.kz.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 32 жастағы ер адам өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін веб-сайт пен танымал мессенджерлердің бірінде парақша ашқан.

Фото: ШҚО Полиция департаменті

«Сол арқылы клиент тауып, төлемді алғаннан кейін есірткіні алдын ала келісілген орындарға қалдырып кетіп отырған. Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әр алуан түрлерін өсіруге арналған зертхананы анықтады. Жедел уәкілдер «қара нарықта» құны 20 млн теңгеден асатын 1 келіден астам есірткіні тәркіледі», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары үйден таразыларды, орайтын материалдар мен электронды құрылғыларды тапқан. Ұсталған ер адамның айтуынша, ол заттарды өсіретін тұқымдарға шетелден тапсырыс берген.

Фото: ШҚО Полиция департаменті

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да алаяқтар әкімдік қызметкерлері атынан халықтан ақша сұрап жатқаны хабарланған.

Фото: ШҚО Полиция департаменті