Өскеменде мас күйде рульге отырған әйел қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында мас күйде көлік тізгіндеген әйел адам қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бажов көшесінде келе жатқан Honda CR-V көлігінің 37 жастағы жүргізушісі қарсы бағыттағы Toyota Land Cruiser Prado автокөлігімен соқтығысқан.

«Белгілі болғандай, әйел адам ішімдік ішіп алып көлік тізгіндеген. Кенет рульге ие бола алмай қалған ол қарсы бағытқа шығып кетіп жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Жол апаты салдарынан Honda CR-V көлігі аударылып қалған. Бірақ екі жүргізуші де зардап шеккен жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Мас күйде көлік жүргізген әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Аталған бап бойынша ол бес жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.