Өскеменде мас күйінде рульге отырып, жол апатына түскен ер адам қамалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйінде рульге отырған ер адам жол апатына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қаңтар айының соңында 36 жастағы қала тұрғыны 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, ішімдік ішіп алып «Hyundai Solaris» көлігін тізгіндеген.

Сәтпаев даңғылы мен Байбатчин көшесінің қиылысында ол рульге ие бола алмай қалып Nissan Cefiro» автокөлігімен соқтығысты.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. «Hyundai Solaris» көлігінің жүргізушісі изоляторға қамауға алынды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.