ШҚО әкімшілік мамандандырылған соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен қаласының тұрғыны көлікті мас күйінде тізгіндеген.
Жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберген ол тұрақта тоқтап тұрған 3 бірдей көлікті соқты.
Содан кейін көлік жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған.
Сот барысында әйел адам өз кінәсін ішінара мойындады.
Өз сөзінде ол жол-көлік оқиғасына дейін емес, кейін ішімдік ішкенін жеткізді.
«Сот шешімімен қала тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде мас күйде рульге отырған әйел тұрақтағы бірнеше көлікті соққаны хабарланған.