Өскеменде массаждың атын жамылып интимдік қызмет көрсеткендер анықталды
Өскемен қаласында массаждың атын жамылып интимдік қызмет көрсеткендер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform.
Тәртіп сақшылары «дене массажын жасаймыз» деген желеумен интим-қызметтер көрсету үшін үй-жайлар ұсынған 3 адамды анықтады. Осындай пәтерлердің бірінде 20 мен 38 жас аралығындағы бес қыз болған.
«Аталған үш факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабына (Жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін көрінеу үй-жайлар беру) сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл баптың санкциясында жеке және лауазымды адамдарға жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (345 000 теңге) айыппұл салынады», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Жеңіл жүрісті әйелдер де назардан тыс қалмай, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен (Қоғамдық орындарда азғындау) жауапқа тартылды. Олар бес АЕК көлемінде (17 250 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді.
Жыл басынан бері осы бап бойынша полицейлер 177 адамды жауапқа тартқан.