ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында мектеп оқушылары аязға байланысты екінші күн қатарынан онлайн форматта оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында аяздың беті қайтпай тұр. 29 қарашада түнде облыстың солтүстік-шығысында ауа температурасы 43 градусқа дейін төмендейді.
«Оның ішінде Өскеменде де қатты аяз. Соған орай қала мектептеріндегі бірінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан өтеді», - делінген ақпаратта.
Өзге аудандарда оқушылардың қалай оқитыны туралы ақпарат әлі жария етілмеді.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында оқушылар мен колледждердің студенттері қашықтан оқитындығы хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.