Экологтердің дерегінше, мұндай жағдай қалада бірнеше жыл бұрын да тіркелген. Оған кәсіпорындардың біріндегі ауаға тараған шығарындылар себеп болған.
— Осындай жағдай 2021 жылдың мамыр айында болды. Сол кезде жүргізілген тексеру нәтижесінде кәсіпорындардың бірінде «Казцинк» металлургиялық кешеніндегі Lavalin газдарды кәдеге жарату қондырғысының финалдық абсорбциялық мұнарасы қақпағының жергілікті деңгейде герметикалығы бұзылып, салдарынан газ шығарындылары болғаны анықталған еді, — деп хабарлады ШҚО Экология департаментінен.
Қазіргі уақытта мамандар ағаштардың жай-күйінің өзгеру себептерін қайта анықтап жатыр. Осы мақсаттағы зерттеу жұмыстарына ғылыми орталық қызметкерлері де тартылған.
Департаменттің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіп аймағын комиссиялық тексеру 28 мамырға жоспарланып отыр.
— Тексеру және зерттеу нәтижелері бойынша тиісті баға беріліп, қолданыстағы заңнама аясында қажетті шаралар қабылданады. Қорытынды нәтижелер тексеру мен зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін жарияланады, — дейді экологтер.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада экологиялық стандартқа сай емес жүк көліктерін елге заңсыз әкелген қылмыстық топ әшкереленгені хабарланған.