Өскеменде опырылып түскен Шнайдер көпірінің орнына жаңасы қашан салынатыны белгісіз

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жаңа Шнайдер көпірінің құрылысы әзірге басталмайды. Жобаны іске асыру тергеу амалдары аяқталғанға дейін кейінге шегерілді.

Фото: Үk-news.kz

Өткен жылдың қыркүйек айында Шнайдер көпірі опырылып түскен болатын. Алғашында көпірді жөндеу жоспарланған. Алайда жүргізілген техникалық сараптама нәтижесінде мамандар көпірді қалпына келтіру тиімсіз деген қорытындыға келіп, оның орнына жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Дегенмен құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, кіші айналма жол тұсындағы жаңа Шнайдер көпірінің құрылысы барлық қажетті тергеу шаралары аяқталғанға дейін кейінге қалдырылған.

- Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жобаны іске асыруға қатысты түпкілікті шешім қабылданады, - делінген хабарламада.

Осылайша, жаңа көпір құрылысының нақты басталу мерзімі әзірге анықталған жоқ. Тергеу аяқталғанға дейін жоба уақытша тоқтатылып отыр.

Еске салсақ, ШҚО-да Шнайдер көпіріндегі апаттан кейін басқарма басшысы қызметінен кеткені хабарланған.