Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 12 адам құтқарылды
10:57, 18 Мамыр 2021
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт шыққан көпқабатты үйден 12 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қайсенов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққан. Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті. Анықталғандай, от подъез ішінде 3 және 4-қабаттардағы электресептегіште шыққан.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 36 адамды, оның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Сондай-ақ түтін тұмшалаған подъезден 12 адам құтқарылған. Көп ұзамай 4 шаршы метрді шарпыған тілсіз жау ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарының апаттық режимде жұмыс істеуінен. Қызыл жалынды өшіруге жеке құрамнан 23 адам мен 7 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.