Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 21 адам құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде 9 қабатты үйдің электр сымынан өрт тұтанып, 21 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовке сілтеме жасап.

«Бүгін сағат 15.22-де өртке қарсы қызмет бекетіне Өскемен қаласының Красин көшесінде 9 қабатты үйден өрт шыққаны туралы хабар түсті. Кабель шахтасында электр сымы үшінші қабаттан бастап тоғызыншы қабатқа дейін жанған. Қауіп төнуі мүмкін делінген 21 адамның 20-сы баспалдақ арқылы сыртқа шығарылса, бір адам алтыншы қабаттан өрт сөндіру сатысы арқылы құтқарылды. Сағат 16.08-де өрттің таралуы тоқтатылып, 16.27-де түгелдей сөндірілді», - деді ресми өкіл.

Иіс тиіп уланған 62 жастағы әйелді жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізді.

«Жалын электр құрылғысын өрт қауіпсіздігін сақтамай пайдаланудан тұтануы мүмкін», - делінген ақпаратта.

Өртті өшіруге облыстық төтенше жағдай қызметінің жеке құрамынан 25 адам және 8 техника қатысқан.